«Флоренция» тұрғындары 17 шілдеде кіре берісте және оған жақын орналасқан жаяу жүргіншілер аумағында қан іздерін көрген. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде тараған видеода тұрғын үй алдында шашыраған әйнекті де көруге болады. Оқиғаның мән-жайын Маңғыстау облысының полиция департаменті анықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысының полиция департаменті осыған дейін оқиғаға қатысты қоңырау түспегенін мәлімдеген еді. Алайда, олардың соңғы хабарламасында 17 шілдеде сағат 04:30 шамасында 102 кезекші пультіне 17ш/а аталған ТК-нің тыныштығы бұзылуына қатысты шақыру келіп түскенін мәлімдеді.
Оқиға орнына патрульдік полиция инспекторлары барған. Белгілі болғандай, 36 жастағы ер адам абайсызда терезені ұрып, жарақат алған. Ол жедел жәрдем көмегінен бас тартты.
Ал тұрғын үйге қызмет көрсетуші МИБ-тің(Мүлік иелері бірлестігі) айтуынша, қансыраған белгісіз азамат шлагбаумнан өтіп, аулаға кірген. Одан соң коммерциялық нысанның шыны есігін сындырып, кетіп қалған.
Азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы 2-бөлігі,яғни әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған дәл сол әрекет бойынша әкімшілік хаттама жасақталды.
Осы бап бойынша тыныштықты бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 10 АЕК (34 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.